Ұланбатырдағы рейтингтік турнирде Қазақстан қоржынына тағы үш медаль түсті
Тәжірибелі балуанымыз финалда сүрінді.
ашық дереккөзден
Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтіп жатқан ULAANBAATAR OPEN рейтингтік турнирінде қазақстандық балуандар кезекті жүлделерін жеңіп алды.
Әйелдер күресінен 55 келіге дейінгі салмақта Лаура Әлмағанбетова қола медаль үшін өткен белдесуде Түркия өкілі Демир Турбамен күш сынасты. Тартысты өткен кездесуде қазақстандық спортшы 4:8 есебімен жеңіліп, жүлдеге бір қадам жетпей тоқтады.
Ал 76 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық спортшылар арасында қола медаль үшін белдесу өтті. Нәтижесінде Эльмира Сыздықова отандасы Гүлмарал Еркебаеваны 7:3 есебімен жеңіп, турнирдің қола жүлдесін иеленді.
Еркін күрестен 86 келіде Болат Сақаев та жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қола медаль үшін белдесуде ол моңғолиялық қарсыласын 10:0 есебімен айқын басымдықпен ұтып, жарыстың қола жүлдесіне қол жеткізді.
92 келі салмақта ел намысын қорғаған Азамат Дәулетбеков финалға дейін сүрінбей жетті. Алайда шешуші белдесуде ресейлік Асхаб Саадулаевқа 3:6 есебімен жол беріп, турнирдің күміс жүлдегері атанды.
7 маусым күні ULAANBAATAR OPEN рейтингтік турнирінде еркін күрес шеберлері сынға түседі. Қазақстан құрамасынан жеті салмақ дәрежесінде он төрт балуан бозкілемге шығады.
57 келіде Мерей Базарбаев, Мейрамбек Қартбай және Абзал Өкенов, 61 келіде Аслыжан Есенгелді, Асыл Айтақын және Әділет Әлмұхамедов бақ сынайды. 65 келіде Адлан Асқаров пен Өсімжан Дастанбек өнер көрсетсе, 70 келіде Бақдәулет Әкімжан мен Родион Анчугин күреседі.
Сондай-ақ 79 келіде Нұрдәулет Қуанышбай мен Шәмсат Таир, 97 келіде Нұрдаулет Бекенов, ал аса ауыр салмақтағы 125 келіде Едіге Қасымбек жүлде үшін таласқа түседі.