Анна Данилина мен Александра Крунич Парижде чемпиондыққа бір қадам жетпей қалды
Финалдық матч 1 сағат 33 минутқа ұласты.
ktf.kz
Қазақстандық теннисші Анна Данилина мен сербиялық Александра Крунич Франция ашық чемпионатында жұптық сында күміс жүлдегер атанды. Қазақстандық-сербиялық дуэт «Үлкен дулыға» турнирінің финалына дейін жеткенімен, шешуші кездесуде жеңіске жете алмады.
Финалда екінші нөмірмен тіркелген Данилина мен Крунич турнирдің басты фавориттері - чехиялық Катерина Синякова және америкалық Тэйлор Таунсенд жұбымен кездесті. 1 сағат 33 минутқа созылған матчта қарсыластар 6:2, 7:5 есебімен басым түсіп, чемпиондық атақты иеленді.
Айта кетейік, Данилина мен Крунич үшін бұл Париж корттарындағы қатарынан екінші финал болды. Өткен жылы да осы жұп финалға дейін жетіп, алайда италиялық теннисшілер Сара Эррани мен Жасмин Паолини дуэтіне жол берген еді.
Соған қарамастан, Анна Данилина өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді. Қазақстандық теннисші бұған дейін 2023 жылы АҚШ ашық чемпионатында аралас жұптық сында чемпион атанған болатын. Қазіргі таңда ол WTA ұйымының жұптық рейтингінде алтыншы орында тұр.