Үш ел, үш шоу: Футболдан әлем чемпионатының ашылу рәсімдерінің уақыты белгілі болды

Биыл әлем чемпионатына алғаш рет 48 команда қатысады.

Үш ел, үш шоу: Футболдан әлем чемпионатының ашылу рәсімдерінің уақыты белгілі болды ФИФА

2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының ашылу салтанаты үш бірдей елде өтеді. Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) турнир қожайындары - АҚШ, Канада және Мексикада жеке-жеке ашылу рәсімдерін ұйымдастыру туралы шешім қабылдады.

Алғашқы ресми салтанат 11-маусымнан 12-маусымға қараған түні Астана уақытымен 00:00-де Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өтеді. Сахнада «Мана» рок-тобы, Джей Бальвин, Алехандро Фернандес және Тайла өнер көрсетеді.

Екінші рәсім 12 маусым күні Астана уақытымен 22:30-да Торонтодағы «Би-Эм-О Филд» стадионында ұйымдастырылады. Бағдарлама Канаданың көпмәдениетті қоғамына арналмақ. Көрермендер алдында Майкл Бубле, Аланис Мориссетт және Алессия Кара ән шырқайды.

Ал АҚШ-тағы ашылу шоуы 13 маусым күні Астана уақытымен таңғы сағат 04:30-да Лос-Анджелестегі «Соу-Фай» аренасында өтеді. Рәсімнің тақырыбы әлем чемпионаты кубогының салтанаты мен даңқын дәріптеуге бағытталған. Концертте Кэти Перри, Фьючер, Анитта және «Блэкпинк» тобының мүшесі Лиса өнер көрсетеді.

Сондай-ақ FIFA 5 маусым күні колумбиялық әнші Шакираның Мехикодағы ашылу салтанатына қатысатынын ресми түрде растады. Бұдан бөлек, ол әлем чемпионаты тарихындағы алғашқы ауқымды финалдық үзіліс шоуының басты жұлдызы болады.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатына алғаш рет 48 құрама қатысады. Құрамалар төрт командадан құралған 12 топқа бөлінеді. АҚШ, Канада және Мексика турнир қожайыны ретінде жолдаманы автоматты түрде иеленді.

Топтық кезең 11-27 маусым аралығында өтеді. Плей-офф кезеңіне әр топтан үздік екі құрама және үшінші орын алған сегіз үздік команда шығады. Турнир аясында барлығы 104 матч өткізіледі. Бұл әлем чемпионаттары тарихындағы рекордтық көрсеткіш болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу