Өзбекстан жолдастық матчта Нидерланды құрамасына есе жіберді
Гакпо дубль жасап, Өзбекстанды қапы қалдырды.
championat
Футболдан Өзбекстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына дайындық аясында өткізген жолдастық кездесуде Нидерланды құрамасынан 1:2 есебімен жеңілді. Матч Нью-Йорк қаласында өтті.
Кездесудің алғашқы бөлігінде Нидерланды құрамасы басымдық танытып, 32-минутта Коди Гакпо пенальтиден есеп ашты. Екінші таймда өзбекстандық футболшылар таразы басын теңестіруге тырысқанымен, қарсылас қорғанысын бұза алмады.
Ойынның 87-минутында Нидерланды құрамасының жартылай қорғаушысы Гус Тил қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Сан басымдығына ие болған Өзбекстан құрамасы матч соңында шабуылды үдетіп, 90+2-минутта Игорь Сергеевтің голының арқасында есепті теңестірді.
Алайда ойынның қосымша уақытында төреші Нидерланды құрамасының пайдасына тағы бір пенальти белгілеп, Коди Гакпо оны сәтті орындады. Осылайша, 2:1 есебімен жеңіске жетті.
Бұл Өзбекстан құрамасының әлем чемпионатына дайындық кезеңіндегі екінші жеңілісі болды. Бұған дейін команда Канада құрамасына 0:2 есебімен жол берген еді.
Айта кетейік, 2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтеді. Тарихта алғаш рет әлемдік додаға қатысатын Өзбекстан құрамасы топтық кезеңде Португалия, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы құрамаларымен күш сынасады.