Қазақстандық үстел теннисшілері Загребтегі халықаралық турнирде бақ сынайды
Алты спортшымыз халықаралық жарыста ел намысын қорғайды.
ашық дереккөзден
9-14 маусым аралығында Хорватияның Загреб қаласында үстел теннисінен «WTT Contender Zagreb» халықаралық турнирі өтеді. Дүниежүзінің үздік спортшылары жиналатын жарыста Қазақстан құрамасының алты өкілі ел намысын қорғайды.
Турнирге Кирилл Герасименко, Фанг Бо, Айдос Кенжігұлов, Абдулла Мамай, Санжар Жұбанов және Искендер Харки қатысады. Қазақстандық спортшылар жарысты іріктеу кезеңінен бастайды.
Кирилл Герасименко алғашқы кездесуін сингапурлық Чуа Джош пен жапониялық Сатоши Аида арасындағы матч жеңімпазына қарсы өткізеді. Ал Фанг Бо үндістандық Снехит Сураваджуламен, Айдос Кенжігұлов Ронит Бханджамен кездеседі.
Сондай-ақ Санжар Жұбанов жарыс қожайыны Андрей Мркичпен күш сынасса, Абдулла Мамай аустриялық Кристофер Крамерге қарсы ойнайды. Искендер Харкидің алғашқы қарсыласы Жаңа Зеландия өкілі Дин Шу болады.
Загребтегі беделді турнирде қазақстандық теннисшілер негізгі кезеңге жолдама алып, жоғары нәтижеге қол жеткізуді мақсат тұтады.