Қазақстан құрамасы Венгриямен кездесуде жеңіліс тапты
Он ойыншымен қалған Қазақстан Венгрияға қарсы тұра алмады.
ҚФФ
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Венгрияға қарсы жолдастық матч өткізіп, 1:3 есебімен жеңіліп қалды.
Кездесу Венгрияның Дебрецен қаласындағы «Надьердеи» стадионында өтті. Матчтың алғашқы минуттарынан алаң иелері белсенді ойын көрсеткенімен, есепті қазақстандықтар ашты. Максим Самородов орындаған бұрыштама добынан кейін Сергей Малый баспен дәл соққы жасап, командасын алға шығарды.
Бірінші таймда Венгрия басымдық танытқанымен, Қазақстан құрамасы қарымта шабуылдар ұйымдастырып отырды.
Екінші таймның басында Венгрия таразы басын теңестірді. Доминик Собослаи әріптесінің қапталдан берген пасын нәтижелі аяқтап, есепті 1:1-ге жеткізді. Көп ұзамай Максим Самородов алаңнан қуылып, Қазақстан құрамасы он ойыншымен қалды.
Сан басымдығын тиімді пайдаланған алаң иелері 67-минутта Андраш Шефердің алыстан бағыттаған әдемі соққысының арқасында алға шықты. Ал матчқа қосылған уақытта Раймунд Тот үшінші голды соғып, кездесудің нүктесін қойды. Осылайша, Қазақстан құрамасы Венгриядан 1:3 есебімен жеңілді.