Әлем чемпионатының басты фавориттері кімдер?
Әлем чемпионатының басталуына 1 күн қалды.
ашық дереккөзден
2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды мундиаль болмақ. Турнир 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Алғаш рет әлем чемпионатына 48 құрама қатысып, жүлде жолында бақ сынайды.
Командалар 12 топқа бөлінген. Турнирдің алғашқы кезеңінде-ақ жанкүйерлерді көптеген тартысты кездесулер күтуде. Алаң иелері АҚШ, Канада және Мексика өз жанкүйерлері алдында жоғары нәтиже көрсетуге тырысса, әлемнің алпауыт құрамалары чемпиондық үшін күреске дайын.
Сарапшылардың басым бөлігі алдағы мундиальдың негізгі фавориттері ретінде Франция, Испания, Португалия, Англия, Бразилия және Аргентина құрамаларын атап отыр.
Франция құрамасы тағы да әлемдегі ең мықты командалардың бірі саналады. Дидье Дешам шәкірттерінің құрамы ерекше әсер қалдырады. Шабуыл шебінде мадридтік «Реалдың» жұлдызы Килиан Мбаппе, «Баварияның» талантты вингері Майкл Олисе және тәжірибелі Усман Дембеле өнер көрсетеді. Көпшілік француздарды чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі деп есептейді.
Испания құрамасы Еуропаның қазіргі чемпионы ретінде келеді. Соңғы жылдары көрсеткен ойыны көптеген мамандардың жоғары бағасына ие болды. Испаниялықтардың басты үміті - небәрі 18 жастағы «Барселона» ойыншысы Ламин Ямаль. Жас жұлдыздың шеберлігі мен батылдығы Испанияны әлем чемпионы атандыруы мүмкін деген пікірлер жиі айтылуда.
Португалия құрамасының басты жұлдызы - Криштиану Роналду. 41 жастағы шабуылшы үшін бұл әлем чемпионатындағы соңғы мүмкіндік болуы ықтимал. Роналдумен қатар Бруну Фернандеш, Витинья, Жоау Невеш және Бернарду Силва секілді жоғары деңгейлі ойыншылардан құралған жартылай қорғау шебі Португалияның басты қаруы саналады.
Англия құрамасы соңғы рет әлем чемпионатын 1966 жылы жеңіп алған. Биыл ағылшындардың үміті неміс маманы Томас Тухельмен байланысты. Құрама сапында Харри Кейн, Джуд Беллингем және Деклан Райс секілді футбол жұлдыздары бар. Мамандар Англияның да ұзақ үзілістен кейін чемпион атануға мүмкіндігі жоғары екенін айтуда.
Бразилия құрамасы бұл жолы атақты италиялық бапкер Карло Анчелоттидің жетекшілігімен өнер көрсетеді. Құрама сапында тәжірибелі Неймар, «Барселонаның» шабуылшысы Рафинья және «Реалдың» жұлдызы Винисиус бар. Әлемнің бес дүркін чемпиондары енді алтыншы титулын жеңіп алуды көздейді.
Ал қазіргі әлем чемпионы Аргентина өз тәжін қорғауға ниетті. Команданың басты көшбасшысы – аңызға айналған Лионель Месси. 38 жастағы футболшы үшін бұл соңғы әлем чемпионаттарының бірі болуы мүмкін. Сондықтан аргентиналықтар тағы бір тарихи жетістікке жетуге бар күшін салмақ.
2026 жылғы әлем чемпионаты жаңа форматымен, рекордтық қатысушылар санымен және жұлдыздарға толы құрамаларымен футбол тарихындағы ең есте қаларлық турнирлердің бірі болмақ. Ал әлем жанкүйерлері бір күннен кейін басталатын футбол мерекесін тағатсыздана күтуде.
Әлем чемпионатының матчтары үш мемлекеттегі 16 стадионда өтеді. Турнир ойындарының басым бөлігі АҚШ-та ұйымдастырылса, Мексика мен Канада да футбол мерекесін қабылдайды. Аңызға айналған «Ацтека» стадионы тағы бір тарихи мундиальдың куәсі болмақ.
Қазақстандық жанкүйерлер үшін де жақсы жаңалық бар – әлем чемпионатының барлық матчтарын Qazsport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Турнирдің шымылдығы 11-маусымнан 12-маусымға қараған түні Қазақстан уақытымен 00:00-де Мексика мен Оңтүстік Африка құрамалары арасындағы кездесумен ашылады.