Бибісара Асаубаева мемлекет басшысынан көмек сұрады

Шахматшы Бибісара Асаубаева Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа видеоүндеу жолдап, спорттық мансабындағы қиындықтар туралы айтты.

Бибісара Асаубаева мемлекет басшысынан көмек сұрады ашық дереккөзден

Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған қазақстандық шахматшы жақында Norway Chess Women 2026 турнирінде жеңіске жетіп, Қазақстан тарихында осы беделді жарыстың чемпионы атанған алғашқы шахматшы болды. Турнир 25 мамыр мен 5 маусым аралығында Норвегияның астанасы Осло қаласында өтті.

Асаубаеваның айтуынша, маңызды жарысқа дайындық өз қаржысы мен ата-анасының қаражаты есебінен жүргізілген. Ол секунданттар мен аналитиктердің қызметі үшін әлі күнге дейін толық төлем жасалмағанын мәлімдеді.

«Мен әлемдік рейтингте бесінші орындамын. Алдымда тек Қытай шахматшылары ғана тұр. Елімнің намысын халықаралық аренада қорғап келемін. Бірақ жыл сайын қиындықтар көбейіп барады», - деді шахматшы.

Бибісара Қазақстандағы шахматшыларды қолдау деңгейіне де назар аударды. Оның сөзінше, шахматтан әлем чемпионы атанған спортшыға төленетін сыйақы шамамен 2 мың АҚШ долларын құрайды, ал Олимпиада ойындарының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы 250 мың долларға дейін жетеді.

Шахматшы 2023 жылдан бері алған жалақысының көлемі 2025 жылы қысқартылғанын айтты. Оның мәліметінше, бұрын ай сайын шамамен 1 миллион теңге көлемінде төлем алып келген болса, кейін бұл сома үш есеге азайған. Сондай-ақ ол Қазақстан шахмат федерациясынан жалақы алмайтынын жеткізді.

Бибісара 2025 жылдың соңында блиц шахматынан үшінші рет әлем чемпионы атанып, үміткерлер турниріне жолдама алғанын еске салды. Осы маңызды жарыс алдында ол жаттықтырушысымен бірге спорт министрлігіне көмек сұрап жүгінген. Оның айтуынша, министрлік тарапынан қолдау көрсетілетіні айтылғанымен, бөлінген қаражат толық болмағандықтан, секунданттар жарысқа бара алмай, қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған.

Сонымен қатар Бибісара Асаубаева өзіне 2025 жылғы 30 желтоқсанда ІІ дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін, бірақ осы уақытқа дейін марапатты қолына алмағанын айтты. Оның сөзінше, марапаттау рәсімі бірнеше рет кейінге шегерілген.

«Алда үлкен жарыстар, оқу-жаттығу жиындары мен көп жұмыс күтіп тұр. Маған не істеу керек, құрметті Президент?» - деді Бибісара Асаубаева видеоүндеуде.

Үндеуінің соңында спортшы Президентке бірнеше рет хат жолданғанын, алайда әзірге жауап алмағанын айтып, көмек сұрады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу