Александр Бублик Stuttgart Open турнирінің ширек финалына шықты

Бүгін Александр Бублик жұптық сында бағын сынап көреді.

Александр Бублик Stuttgart Open турнирінің ширек финалына шықты ашық дереккөзден

Александр Бублик Германияның Штутгарт қаласында өтіп жатқан ATP 250 санатындағы шөп төсенішіндегі турнирді жеңіспен бастады.

Екінші айналымда әлемнің 11-ракеткасы жергілікті теннисші Ян-Леннард Штруффпен кездесті. ATP рейтингінде 77-орында тұрған неміс спортшысына қарсы өткен тартысты матч үш сетке созылып, 1 сағат 45 минутқа жалғасты. Нәтижесінде қазақстандық теннисші 7:6, 3:6, 6:2 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің ширек финалына жолдама алды. Матч барысында Бублик 22 эйс жасап, екі мәрте қос қателікке жол берді.

Енді жартылай финал жолдамасын сарапқа салатын кездесуде Александр Бублик франциялық теннисші Джованни Мпеши-Перрикармен күш сынасады. Қазіргі таңда француз спортшысы ATP рейтингінің 93-сатысында орналасқан.

Шөп төсенішіндегі маусымды сәтті бастаған қазақстандық теннисші енді Штутгарт турниріндегі жорығын жалғастырып, үздік төрттікке енуге талпыныс жасайды. 

Ал бүгін, 11-маусым Қазақстан уақытымен 16:50-де жұптық сында 1/8 финал аясында Александр Бублик Ник Кирьоспен бірге Якуб Пауль/Райан Сеггерман жұбына қарсы өнер көрсетеді. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу