BEIJING28: Қысқы спорт тарихындағы теңдесіз жоба төрт әлем чемпионатын біріктіреді

Халықаралық конькишілер одағы (ISU) қысқы спорт тарихындағы ерекше жобаны ресми түрде жариялады.

BEIJING28: Қысқы спорт тарихындағы теңдесіз жоба төрт әлем чемпионатын біріктіреді ашық дереккөзден

Испанияның Тенерифе қаласында өтіп жатқан ISU Конгресінде 2028 жылы Қытай астанасы Бейжің бір мезетте төрт әлем чемпионатын қабылдайтыны белгілі болды.

BEIJING28 атауын алған жоба аясында әлемнің үздік спортшылары мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру, шорт-трек және синхронды мәнерлеп сырғанау бойынша әлем чемпионаттарында бақ сынайды. Мұндай ауқымды формат ISU тарихында алғаш рет жүзеге асырылмақ.

Халықаралық федерация өкілдерінің айтуынша, жаңа бастама қысқы спорт түрлерін бір алаңға тоғыстырып, спортшыларды, жанкүйерлерді, бұқаралық ақпарат құралдарын және серіктестерді біріктіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл жоба қысқы спорттың танымалдылығын арттырып, әлемдік деңгейдегі мерекеге айналмақ.

Жарыстар 2022 жылғы Қысқы Олимпиада ойындары өткен Бейжіңнің әйгілі спорт нысандарында ұйымдастырылады. Атап айтқанда, спортшылар National Indoor Stadium, Capital Indoor Stadium және National Speed Skating Oval ареналарында бақ сынайды.

Спорттық бағдарламадан бөлек, қала көлемінде ауқымды фестиваль өткізу жоспарланып отыр. Ұйымдастырушылар жанкүйерлер үшін арнайы фан-аймақтар, жарыстарды тамашалау алаңдары, мәдени іс-шаралар, спортшылармен кездесулер, цифрлық интерактивті жобалар мен түрлі ойын-сауық бағдарламаларын әзірлеуде.

BEIJING28 жобасы аяқталғаннан кейін әлем чемпионаттарының үздіктері марапатталатын дәстүрлі ISU Skating Awards салтанатты рәсімі өтеді.

Осылайша, Бейжің тағы бір мәрте әлемдік қысқы спорттың орталығына айналып, тарихтағы ең ірі әрі бірегей коньки спорты фестивалін өткізетін қала атанбақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу