Футбол тойы басталады: «Ацтекада» әлем чемпионатының шымылдығы түріледі

Тарихи матчқа бразилиялық тәжірибелі төреші Вилтон Сампайо қазылық етеді.

Футбол тойы басталады: «Ацтекада» әлем чемпионатының шымылдығы түріледі ашық дереккөзден

Бүгін түнде әлем жанкүйерлері көптен күткен футбол мерекесінің куәсі болады. 11 маусымнан 12 маусымға қараған түні АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп қабылдап жатқан 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының шымылдығы түріледі.

Турнирдің ашылу матчында Мексика құрамасы өз алаңында Оңтүстік Африка Республикасының командасымен кездеседі. Ойын Мехико қаласындағы аты аңызға айналған «Ацтека» стадионында өтеді. Кездесудің басталуы Астана уақытымен 00:00-ге жоспарланған. Ал әлем чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі 23:40-та басталады.

Қазақстандық жанкүйерлер мундиальдің ашылу салтанаты мен алғашқы ойынын Qazsport және Qazaqstan телеарналарынан, сондай-ақ ресми интернет-платформаларынан тікелей эфирде тамашалай алады.

Айта кетейік, Мексика құрамасы АҚШ және Канадамен бірге әлем чемпионатының қожайыны саналады. 

2026 жылғы әлем чемпионаты футбол тарихындағы ең ауқымды дода болмақ. Алғаш рет турнирге 48 ұлттық құрама қатысады. Бұл өзгеріс әлемдік біріншіліктің форматын түбегейлі жаңартып, бәсекелестікті бұрынғыдан да қыздыра түспек.

Әлем чемпионатының алғашқы ойыны өтетін «Ацтека» стадионының орны ерекше. Бұл кездесу аренаның футбол тарихындағы тағы бір тарихи бетіне айналады. Өйткені осы уақытқа дейін ешбір стадион әлем чемпионатының ашылу матчын үш рет қабылдаған емес.

1966 жылы пайдалануға берілген әйгілі арена 2026 жылғы мундиаль қарсаңында ауқымды жаңғыртудан өтті. Жөндеу жұмыстарына шамамен 3,6 миллиард песо немесе 160 миллион еуро жұмсалды. Реконструкциядан кейін стадионның сыйымдылығы 87 500 көрерменге жетіп, ол Латын Америкасындағы ең үлкен футбол аренасы мәртебесін сақтап қалды.

Футбол әлемі тағы да «Ацтекаға» көз тігеді. Дәл осы тарихи стадионда әлем чемпионатының жаңа дәуірі басталып, 48 құраманың қатысуымен өтетін ең ірі мундиальдың алғашқы парағы ашылмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу