Қазақстандық мергендер әлем кубогында үздік ондықтан орын алды

Әлем кубогының финалы 13-маусымда өтеді.

Қазақстандық мергендер әлем кубогында үздік ондықтан орын алды ҚР ұлттық садақ ату федерациясы

Түркияның Анталья қаласында өтіп жатқан садақ атудан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасы командалық сайыстардағы өнерін аяқтады. Блокты садақ атудан ел намысын қорғаған қазақстандық спортшылар тартысты бәсекеде бақ сынап, қыздар құрамасы үздік сегіздік қатарына енді.

Әйелдер арасындағы командалық жарыста Қазақстан сапында Виктория Лян, Диана Юнусова және Адель Жексенбинова өнер көрсетті. Отандастарымыз алғашқы айналымда Қытай Тайбэйі құрамасымен кездесіп, жоғары дәлдіктің арқасында 231:229 есебімен жеңіске жетті.

Ширек финалда қазақстандық мерген қыздардың жолын әлемдегі мықты құрамалардың бірі – Мексика кесті. Қарсыластар 234:226 есебімен басым түсіп, келесі кезеңге өтті. Кейін мексикалық спортшылар турнирдің финалына жолдама алды.

Нәтижесінде Қазақстан әйелдер құрамасы жарысты жетінші орынмен аяқтады. Үшінші орын үшін өткен кездесуде Германия АҚШ командасын жеңіп, қола жүлдені иеленді. Ал алтын медаль үшін 13 маусымда Мексика мен Түркия құрамалары таласады.

Ерлер арасындағы командалық бәсекеде Қазақстан атынан Ақбаралы Қарабаев, Мұса Ділмұхамет және Андрей Тютюн сынға түсті. Алайда жеребе қазақстандықтарға оңай қарсылас тартпады. Алғашқы кезеңде-ақ олар кейін Мексика құрамасымен кездесіп, 232:235 есебімен жеңіліс тапты.

Осы нәтижеден кейін Қазақстан ерлер құрамасы жалпы есепте оныншы орынға тұрақтады. Ал мексикалық спортшылар жарысты сәтті жалғастырып, Үндістан құрамасын жеңіп, қола медальға қол жеткізді. Ерлер арасындағы финалда Қытай мен Дания құрамалары чемпиондық атақты сарапқа салады.

Айтак кетейік, Антальядағы Әлем кубогы кезеңіне әлемнің 42 елінен жиналған үздік мергендер қатысуда. Бұл жарыс халықаралық рейтинг үшін маңызды ұпайлар үлестіретін және садақ ату спортындағы ең беделді турнирлердің бірі саналады. Қазақстан құрамасы сапында Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Иван Берча, Дастан Каримов, Самира Жұмағұлова, Александра Землянова, Медина Мұрат, Диана Тұрсынбек, Ақбаралы Қарабаев, Андрей Тютюн, Мұса Ділмұхамет, Бунёд Мирзаметов, Виктория Лян, Адель Жексенбинова, Роксана Юнусова және Диана Юнусова ел намысын қорғауда.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу