Мексика әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Мексика мен Оңтүстік Африка Республикасы арасында өткен кездесуде үш бірдей ойыншы алаңнан қуылды.
Reuters
Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының алғашқы матчында Мексика құрамасы Оңтүстік Африка Республикасын 2:0 есебімен жеңді.
Мехикодағы әйгілі «Ацтека» стадионында өткен турнирдің алғашқы кездесуінде алаң иелері ойын тізгінін өз қолында ұстап, алғашқы голды тоғызыншы минутта соқты. Чемпионаттың алғашқы добын 9-минутта шабуылшы Хулиан Киньонес өз еншісіне жазды. Екінші таймда тәжірибелі шабуылшы Рауль Хименес есеп айырмасын еселеп, кездесудің нүктесін қойды.
Ойын барысында бразилиялық бас төреші Уилтон Сампайо үш футболшыға тікелей қызыл қағаз көрсетті. Бұл әлем чемпионаттарының ашылу матчтары тарихында алғаш рет тіркелген оқиға болды. Алдымен 50-минутта ОАР құрамасының ойыншысы Сфифело Ситхоул алаңнан қуылса, 84-минутта оның әріптесі Темба Зване де қызыл қағаз алды. Қосымша уақытта Мексика қорғаушысы Сесар Монтес те ойыннан шеттетілді.
Биылғы әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды турнир ретінде өтуде. Алғаш рет жарысқа 48 ұлттық құрама қатысып жатыр. Командалар 12 топқа бөлінген. Жаңа формат бойынша плей-офф кезеңіне топтарда алғашқы екі орын алған құрамалармен қатар, үшінші орын иеленген сегіз үздік команда да жолдама алады.
Турнир аясында жалпы саны 104 матч өткізіледі. Бұл алдыңғы әлем чемпионаттарымен салыстырғанда едәуір көп көрсеткіш. Әлем чемпионының есімі 19 шілде күні АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы «Метлайф» стадионында өтетін финалдық кездесуден кейін белгілі болады.
Әлем чемпионаты АҚШ, Мексика және Канадада ұйымдастырылып жатқанымен, матчтардың басым бөлігі АҚШ қалаларында өтеді.