Оңтүстік Корея Чехияны жеңіп, әлем чемпионатындағы алғашқы үш ұпайын еншіледі

Оңтүстік Корея А тобында екінші орынға жайғасты.

Оңтүстік Корея Чехияны жеңіп, әлем чемпионатындағы алғашқы үш ұпайын еншіледі ашық дереккөзден

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі А тобының матчында Оңтүстік Корея құрамасы Чехияны 2:1 есебімен жеңді.

Кездесу Мексиканың Сапопан қаласындағы «Акрон» стадионында өтті. Матчтың бас төрешісі мысырлық Амин Омар болды.

Ойынның алғашқы бөлігінде командалар есеп аша алмады. Екінші таймның 59-минутында Чехия қорғаушысы Ладислав Крейчи мергендік танытып, еуропалық құраманы алға шығарды. Алайда кореялықтар тез арада таразы басын теңестірді. 67-минутта жартылай қорғаушы Хван Ин Бом гол соғып, есепті 1:1-ге жеткізді.

Матчтың 80-минутында О Хён-Гю қарсылас қақпасынан саңылау тауып, Оңтүстік Кореяны алға шығарды. Осылайша азиялық команда ерік-жігер танытып, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.

Бұл жеңістен кейін Оңтүстік Корея құрамасы үш ұпай жинап, А тобында екінші орынға көтерілді. Чехия әзірге ұпайсыз қалып, үшінші сатыға жайғасты. Алғашқы турда Оңтүстік Африка Республикасын 2:0 есебімен жеңген Мексика топта көш бастап тұр.

Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтуде.

Турнирдің қазіргі чемпионы - Аргентина құрамасы. Аргентиналықтар 2022 жылғы әлем чемпионатының финалында Францияны пенальти сериясында жеңіп, үшінші мәрте әлем чемпионы атанған болатын.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу