Қытайда өтетін әлем кубогына қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды

Гуянгтағы жаһандық додада Қазақстанның 17 боксшысы өнер көрсетеді.

Қытайда өтетін әлем кубогына қатысатын қазақстандық боксшылардың есімдері белгілі болды ашық дереккөзден

15-21 маусым аралығында Қытайдың Гуянг қаласында World Boxing ұйымының әлем кубогы өтеді. Байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы ерлер және әйелдер арасындағы барлық негізгі салмақ дәрежелерінде сынға түседі.

Ерлер құрамасында әлем чемпиондары мен халықаралық турнирлердің жеңімпаздары, тәжірибелі спортшылар өнер көрсетеді. Ел намысын 50 келіде Санжар Тәшкенбай, 55 келіде Тимур Қабдешов, 60 келіде Серік Теміржанов, 65 келіде Санатәлі Төлтаев, 70 келіде Абылайхан Жүсіпов, 75 келіде Тимур Нұрсейітов, 80 келіде Сабыржан Аққалықов, 90 келіде Нұрбек Оралбай және +90 келіде Айбек Оралбай қорғайды.

Әйелдер құрамасы да жарысқа мықты құраммен аттанады. Қазақстан сапында 51 келіде Алуа Балқыбекова, 54 келіде Назым Қызайбай, 60 келіде Виктория Графеева, 65 келіде Аида Әбікеева, 70 келіде Лаура Есенгелді, 75 келіде Наталья Богданова, 80 келіде Валерия Аксенова және +80 келіде Дина Исламбекова шаршы алаңға шығады.

World Boxing әлем кубогы халықаралық рейтинг үшін маңызды ұпайлар беретін беделді жарыстардың бірі саналады. Сондықтан Гуянгтағы турнирдегі қазақстандық боксшылардың нәтижесі алдағы ірі халықаралық додалар алдындағы дайындық деңгейін көрсетпек.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу