Америкалық гроссмейстер Ақтөбедегі халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Турнирдің жүлде қоры 50 млн теңгені құрады.

Америкалық гроссмейстер Ақтөбедегі халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Ақтөбеде өткен «Владимир Дворкович мемориалы - Aktobe Open 2026» халықаралық шахмат турнирі өз мәресіне жетті. Қазақстан Кубогы сериясының алғашқы кезеңінде америкалық гроссмейстер Эндрю Хонг топ жарып, басты жүлдені иеленді.
FIDE Circuit 2026-2027 сериясына кіретін Masters турнирінде Эндрю Хонг 9 партияның қорытындысы бойынша 7 ұпай жинап, жеңімпаз атанды. Екінші орынды қазақстандық жас шахматшы Даниял Сапенов иеленді. Ол жарысты 6,5 ұпаймен аяқтап, соңғы турда румыниялық гроссмейстер Александр Мотылёвты жеңді. Бұл нәтиже оның халықаралық рейтингінің 29,4 ұпайға өсуіне мүмкіндік берді.

Үздік үштікті 2018 жылғы рапид бойынша әлем чемпионы Даниил Дубов түйіндеді. Әйелдер арасында ең үздік нәтиже көрсеткен шахматшы - Полина Шувалова. Қазақстандық Лия Құрманғалиева екінші орын алса, үндістандық Харика Дронавалли үздік үштікті қорытындылады.

Aktobe Open турнирінде ақтөбелік Алан Петухов қатарынан екінші жыл чемпион атанды. Қазақстанның 18 жасқа дейінгі чемпионы 7,5 ұпай жинап, жерлесі Қайыр Беристенов пен астаналық Арлен Әбдірашевті қосымша көрсеткіштер бойынша артта қалдырды.

3-11 маусым аралығында өткен жарысқа 21 елден 206 шахматшы қатысты. Олардың қатарында 25 гроссмейстер болды. Турнирдің жалпы жүлде қоры 50 миллион теңгені құрады. Алдағы Қазақстан Кубогы сериясының келесі кезеңі Өскеменде өтсе, финалдық жарыс желтоқсан айында Астанада ұйымдастырылады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу