«Қайрат» шабуыл шебін күшейтті

Марк Гуаль ресми алматылық клубтың ойыншысы атанды.

«Қайрат» шабуыл шебін күшейтті Марк Гуаль жеке парақшасынан

Алматылық «Қайрат» жазғы трансферлік терезедегі ең маңызды келісімдерінің бірін жүзеге асырып, тәжірибелі испаниялық шабуылшы Марк Гуальмен келісімшартқа қол қойды. Клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, тараптар 2027 жылдың соңына дейін жарамды. 

30 жастағы футболшы орталық шабуылшы позициясында өнер көрсетеді. Бойы 184 сантиметр, салмағы 73 келі болатын Гуаль кәсіби мансабында Еуропаның бірнеше беделді чемпионаттарында ойнап, жоғары деңгейдегі тәжірибе жинақтаған.

Каталонияның Бадалона қаласында дүниеге келген шабуылшы футболдағы алғашқы қадамдарын жергілікті «Бадалона» клубында бастаған. Кейін Испанияның әйгілі академиялары - «Барселона» мен «Эспаньол» жүйелерінде тәлім алып, кәсіби деңгейге көтерілді. Өз мансабында «Севилья Атлетико», «Сарагоса», «Жирона», «Реал Мадрид Кастилья» және «Алькоркон» секілді танымал клубтардың намысын қорғады.

Гуальдың мансабындағы ең жарқын кезеңдердің бірі Польшада өтті. 2022 жылы ол «Ягеллония» сапына қосылып, қысқа уақыт ішінде чемпионаттың басты жұлдыздарының біріне айналды. 2022/23 жылғы маусымда Польша Экстраклассасының үздік сұрмергені атанып қана қоймай, лиганың ең үздік шабуылшысы ретінде танылды.

Табысты маусымнан кейін шабуылшы Варшаваның атақты «Легия» клубына ауысты. Мұнда ол Польша Кубогы мен Суперкубогын жеңіп алып, команданың негізгі ойыншыларының біріне айналды. Әсіресе 2024/25 жылғы маусымда ерекше көзге түсіп, барлық турнирде 19 гол соғып, клубтың үздік мергені атанды. Сонымен қатар УЕФА Конференция лигасында жеті мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеп, еурокубоктардағы нәтижелі ойынымен есте қалды.

«Қайратқа» ауысар алдында Марк Гуаль Португалия Премьер-лигасында өнер көрсететін «Риу Аве» клубының сапында доп тепті. Сондай-ақ ол Испанияның 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына шақырылып, ұлттық құрама жейдесінде үш матч өткізген.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу