Елена Рыбакина Лондондағы турнирмен қоштасты

Лондон корттарында Queen’s Club Championships турнирі өтуде.

Елена Рыбакина Лондондағы турнирмен қоштасты

Елена Рыбакина Лондонда өткен беделді халықаралық турнирдегі өнерін ширек финал кезеңінде аяқтады. Жаңбырлы ауа райына байланысты жарыс кестесі өзгеріп, қазақстандық спортшы бір күн ішінде екі матч өткізуге мәжбүр болды.

Алдымен ол былтырғы турнирдің жеңімпазы Татьяна Мариямен кездесіп, үш сетке созылған тартысты матчта жеңіске жетті. Алғашқы партияда тай-брейкте есе жіберген Рыбакина кейін ойын тізгінін өз қолына алып, қарсыласын 6:7, 7:5, 6:0 есебімен ұтты.

Алайда бірнеше сағаттан кейін өткен ширек финалда қазақстандық теннисші Ұлыбритания өкілі Кэти Бултерге жол берді. Үш сетке созылған кездесуде жергілікті спортшы 7:5, 2:6, 6:4 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің басты фавориттерінің бірін жарыс жолынан тайдырды. 

Елена Рыбакина енді Берлинде өтетін келесі ірі жарысқа қатысады. Қазақстандық спортшы шөп төсенішіндегі маусымға ерекше көңіл бөліп, төрт апта ішінде төрт турнир өткізуді жоспарлап отыр.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу