Тимур Турлов Бибісара Асаубаеваға қатысты жағдайға пікір білдірді

Тимур Турлов бұл жағдайға байланысты ұзақ уақыт бойы пікір білдіруден тартынғанын, алайда енді үнсіз қалуды жөн көрмейтінін мәлімдеді.

Тимур Турлов Бибісара Асаубаеваға қатысты жағдайға пікір білдірді ашық дереккөзден

Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Бибісара Асаубаева көтерген қаржыландыру мәселесіне қатысты өзінің Facebook парақшасында мәлімдеме жасады.

Турловтың айтуынша, соңғы күндері қазақстандық шахмат төңірегінде өрбіген жағдайды мұқият бақылап отырған. Ол бүгінде ел шахматы қарқынды дамып келе жатқанын, жас буын халықаралық аренада Қазақстанның абыройын асқақтатып жүргенін атап өтті.

«Қазір қазақстандық шахмат үшін маңызды кезең. Жаңа буын өсіп келеді. Олар әлемдік деңгейдегі турнирлерде жеңіске жетуде. Бұл жетістіктердің артында спортшылардың ғана емес, жаттықтырушылардың, ата-аналардың және ұйымдастырушылардың еңбегі тұр», - деді Турлов.

Федерация басшысы ұйым қызметі тек кәсіби спортшыларды қолдаумен шектелмейтінін айтты. Оның сөзінше, өңірлердегі балалар шахматының дамуына да ерекше көңіл бөлініп келеді.

Сонымен қатар ол шахмат қауымдастығында соңғы уақытта сын мен реніштің көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді.

«Біз бір-бірімізге қарсы емес, халықаралық аренадағы қарсыластарымызға қарсы ойнауымыз керек. Өкінішке қарай, қазір өзімізбен өзіміз күресіп жатқандай көрінеміз. Мұның бәрін мыңдаған жас шахматшы бақылап отыр. Сондықтан чемпиондардың қиын сәттегі әрекеті де маңызды», - деді федерация президенті.

Турлов әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін оқырмандардың бірінің «Неліктен Лондонда Бибісарамен келісімге келе алмадыңыздар?» деген сұрағына да жауап берді.

«Өйткені федерация тарапынан бөлініп отырған қазіргі қаржыландыру спорттық мансабын жалғастыру үшін жеткілікті деп есептедім. Бұл менің жеке пікірім емес. Мен бұл мәселені FIDE өкілдерімен және басқа да ірі федерация басшыларымен талқыладым. Мен үшін бұл - қайырымдылық. Егер шахматшы тек жаттығып қана қоймай, шахмат арқылы көбірек табыс тапқысы келсе, жүлде қорынан бөлек коммерциялық демеушілер қажет. Ондай демеушілер бар. Бірақ олармен жұмыс істей білу керек», - деді Турлов.

Сөз соңында Қазақстан шахмат федерациясының басшысы ел шахматының әлеуеті әлі толық ашылмағанын айтып, барлық тарапты бірлік сақтауға шақырды.

«Біздің мақсатымыз ортақ - қазақстандық шахматты күшейту. Біз бір командамыз және бәріміз бір тудың астындамыз», - деп түйіндеді ол сөзін.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу