«Қайрат» тағы да сүрінді

Алматылық клуб «Атырауды» жеңе алмады.

«Қайрат» тағы да сүрінді ашық дереккөзден

Қазақстан Премьер-лигасының 13-туры аясында Алматының «Қайраты» өз алаңында «Атыраумен» тең ойнады. Орталық стадионда өткен кездесу 1:1 есебімен аяқталды.

Матчтың алғашқы минуттарынан алаң иелері ойын тізгінін қолға алып, шабуылға жиі шықты. Бұл басымдық 13-минутта нәтиже берді. Финляндиялық жартылай қорғаушы Яакко Оксанен алыстан дәл соққы жасап, есеп ашты.

Алайда екінші таймда алматылықтар бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп, өз қателігінің құрбаны болды. 69-минутта қорғаушы Темірлан Анарбеков допқа ие бола алмай қалған сәтті Айбар Абдулла тиімді пайдаланып, таразы басын теңестірді. 

Осылайша, «Қайрат» қатарынан үшінші матчта жеңіске жете алмады. Бұған дейін алматылықтар турнир көшбасшысы «Ордабасыдан» 1:2 есебімен жеңіліп, «Қайсармен» 0:0 есебімен тең түскен болатын.

Бұл нәтижеден кейін «Қайраттың» еншісінде 14 ойыннан кейін 27 ұпай бар. Ал көш бастап тұрған «Ордабасы» 12 матчта 28 ұпай жинап, алматылықтардан бір ұпайға алда келеді. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу