Әлем чемпионатында Аустралия Түркияны ұтып, сенсация жасады

Матч алдында Түркия құрамасы фаворит саналғанымен, аустралиялықтар жеңісті жұлып әкетті.

Әлем чемпионатында Аустралия Түркияны ұтып, сенсация жасады Associated Press

Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңінің алғашқы туры аясында Канаданың Ванкувер қаласында Аустралия мен Түркия құрамалары кездесті. Тартысты өткен матчта аустралиялықтар 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Кездесудегі есеп 27-минутта ашылды. «Уотфордтың» шабуылшысы Нестори Иранкунда қарсылас қақпасын дәл көздеп, өз командасын алға шығарды. Екінші таймда Аустралия басымдығын арттырып, 75-минутта «Санкт-Паулидің» жартылай қорғаушысы Коннор Меткалф матчтың нүктесін қойды.

Осылайша, Аустралия D тобындағы алғашқы үш ұпайына қол жеткізіп, екінші орынға көтерілді. Топтың тағы бір матчында АҚШ құрамасы Парагвайды 4:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Екінші турда аустралиялықтар 19 маусым күні АҚШ құрамасымен кездессе, Түркия келесі күні Парагваймен күш сынасады.

Айта кетейік, Түркия құрамасы әлем чемпионатына 24 жылдан кейін алғаш рет қатысып отыр. Соңғы рет түріктер 2002 жылғы мундиальда сенсациялық нәтиже көрсетіп, қола жүлдеге ие болған еді. Бұл жолы олар турнирді жеңіліспен бастап, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалу үшін келесі матчтарда ұпай жинауға мәжбүр.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу