«Ордабасы» жеке-дара көш бастады

Шымкенттік клуб турнирлік кестеде «Қайраттан» 4 ұпайға озып кетті.

«Ордабасы» жеке-дара көш бастады Ордабасы ФК

«Ордабасы» клубы Қазақстан Премьер-Лигасының 13-туры аясында Семейдің «Елімайын» сырт алаңда 3:1 есебімен жеңді.

Кездесу тартысты басталып, екі команда да қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Бірінші таймның 36-минутында Лео Натель айып добын дәл орындап, шымкенттіктерді алға шығарды.

Үзілістен кейін алаң иелері таразы басын теңестіруге жақын болды. Фессу Плакка қақпаны дәл көздегенімен, VAR тексерісінен кейін гол офсайдқа байланысты есепке алынбады. Осы сәттен кейін ойын тізгінін толық қолға алған қонақтар 68-минутта Давид Абагнаның голынан кейін есепті еселеді. 

Матчтың аяқталуына аз уақыт қалғанда Евгений Березкин есеп айырмасын қысқартқанымен, араға бір минут салып Жасұлан Әмір «Ордабасының» үшінші добын соғып, кездесудің нүктесін қойды - 3:1.

Осы жеңістен кейін шымкенттік клуб 31 ұпай жинап, турнир кестесіндегі көшбасшылығын сақтап қалды. Сондай-ақ «Ордабасы» екінші орында тұрған алматылық «Қайраттан» төрт ұпай алда келеді. Ал 20 ұпайы бар «Елімай» алғашқы бестіктен тыс қалып, алтыншы орынға сырғыды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу