Жеті голдық спектакль: Германия Кюрасаоны тас-талқан етті
Кюрасао құрамасы алғаш рет әлем чемпионатына қатысуда.
SCANPIX/Getty Images via AFP
Төрт дүркін әлем чемпионы Германия құрамасы 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатындағы алғашқы ойынында Кюрасаоны ойсырата жеңді. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен кездесуде немістер қарсылас қақпасына жеті гол соғып, 7:1 есебімен сенімді жеңіске жетті.
Ойынның 6-минутында Феликс Нмеча есеп ашып, Германияны алға шығарды. Алайда 21-минутта Ливано Комененсия таразы басын теңестірді. Бірінші таймның соңына қарай немістер ойын тізгінін толық өз қолына алды. 38-минутта Нико Шлоттербек мергендік танытса, қосымша уақытта Кай Хаверц пенальтиден дәл соғып, есепті 3:1-ге жеткізді.
Үзілістен кейін Германия шабуылын үдетіп, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Джамал Мусиала, Натаниэль Браун және Дениз Ундав өз есімдерін таблоға жазды. Ал Хаверц матчтың 88-минутында дубль авторы атанып, кездесудің қорытынды есебін белгіледі - 7:1.
Кюрасао құрамасы өз тарихында алғаш рет әлем чемпионатының финалдық кезеңіне қатысып отыр. Халқы небәрі 150 мың адамды құрайтын карибтік ел турнирге іріктеу кезеңінде бірде-бір рет жеңілмей жолдама алған болатын.
Е тобында Германия мен Кюрасаодан бөлек Эквадор және Кот-д’Ивуар құрамалары өнер көрсетеді. Осылайша, Германия әлем чемпионатын жарқын жеңіспен бастап, топтағы басты фаворит мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеді.