Ресми: Геннадий Головкиннің есімі Бокс Даңқы залына енді

Головкин тарихта Бокс Даңқы залына қабылданған алғашқы қазақстандық спортшы.

Ресми: Геннадий Головкиннің есімі Бокс Даңқы залына енді Геннадий Головкин/жеке парақшасынан

Қазақстандық былғары қолғап шебері Геннадий Головкин Халықаралық Бокс Даңқы залының (IBHOF) мүшесі атанды. Салтанатты рәсім АҚШ-тың Нью-Йорк штатындағы Канастота қаласында өтті.

Даңқ залына қабылдану рәсімінде Головкин бұл марапаттың өзі үшін ерекше мәнге ие екенін айтты.

«Бұл жерде тұрған чемпиондармен және тамаша адамдармен көптеген естеліктерім байланысты. Бокс - менің бүкіл өмірім. Бүгін мені қолдап, әрдайым жанымнан табылған жандарға алғыс айтқым келеді. Бокс Даңқы залына ену мен үшін үлкен мәртебе. Бұл мойындаудың маңызын сөзбен жеткізу қиын. Осында отырғандардың бәрі аңыздар. Мен сол аңыздардың қатарында тұрғанымды мақтан тұтамын. Рахмет!», - деді Головкин.

Сондай-ақ Головкин Instagram парақшасында қуанышымен бөлісіп, қолдау көрсеткен барша жанға алғысын білдірді. 

Канастотадағы ұмытылмас күндер! Ескі достармен, әріптестермен және ұзақ жыл үлкен бокс отбасының ажырамас бөлігі болып келе жатқан жандармен қайта қауышқаныма қуаныштымын. Ыстық ықылас пен қолдау көрсеткен баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін, - деді аңыз боксшы. 

Кәсіпқой рингте Геннадий Головкин орта салмақта WBC, WBA, IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атанды. Ол кәсіби мансабында 45 жекпе-жек өткізіп, 42 жеңіске жетті. Оның 37-сін нокаутпен аяқтап, әлемдегі ең қауіпті нокаутшы боксшылардың бірі ретінде танылды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу