Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында үш медаль алуды көздейді
Сары құрлық бәсекесіне Қазақстан атынан 25 спортшы қатысады.
ашық дереккөзден
Семсерлесуден Қазақстан ұлттық құрамасы Үндістанның Дели қаласында өтетін Азия чемпионатына қатысады.
19-24 маусым аралығында өтетін құрлықтық додада ел намысын семсерлесудің үш түрі бойынша 25 спортшы қорғайды.
Ерлер мен әйелдер арасындағы шпага сайыстарында Руслан Курбанов, Ерлік Сертай, Никита Жулинский, Кирилл Проходов, Вадим Шарлаимов, Владислава Андреева, Ирина Бакалдина, София Николайчук және Дарья Самоделкина өнер көрсетеді.
Сабля бағдарламасында Артём Саркисян, Бақдәулет Құралбекұлы, Жанат Нәбиев, Назарбай Саттархан, Нұрмұхаммед Жайлыбай, Айгерім Сарыбай, Карина Доспай, Қайша Жаныбек және Анастасия Гулик, Полина Ко бақ сынайды.
Ал рапирадан Тамирлан Қалиев, Ғалым Нұрымов, Тимофей Семёнов, София Ақтаева, Алёна Гноева және Алина Искандерова жарыс жолына шығады.
Ұлттық құраманың бас бапкері Алексей Писцов спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Азия чемпионатында Қазақстан командасы үш медаль жеңіп алуды мақсат етіп отырғанын айтты. Оның сөзінше, Дели төріне құрлықтың ең үздік семсерлесушілері жиналады.
Сондай-ақ бапкер Азия чемпионаты аяқталғаннан кейін әлем чемпионаты мен Жапонияда өтетін жазғы Азия ойындарына қатысатын құрам жасақталатынын мәлімдеді.
Ал, тәжірибелі шпагашы Эльмир Алимжанов бұл жолы ұлттық құраманың қатарына енген жоқ. Бас бапкердің айтуынша, спортшы әзірге қажетті спорттық бабына келе алмағандықтан, оның орнына Никита Жулинский шақырту алған.
Айта кетейік, Азия чемпионатына 25 елден 400-ден астам спортшы қатысады.