Швеция Тунисті тас-талқан етті
F тобындағы алғашқы тур матчтары аяқталды.
Associated Press
Бүгін, 15-маусым футболдан әлем чемпионатының F тобындағы алғашқы турда Швеция құрамасы Тунисті 5:1 есебімен ойсырата жеңіп, турнирді жарқын жеңіспен бастады.
«Гуадалупе» стадионында өткен кездесуде шведтер алғашқы минуттардан-ақ шабуылға ден қойды. Ойынның 7-минутында Виктор Гёкерестің соққысынан кейін қайтарылған допты Ясин Айяри сәтті пайдаланып, есеп ашты.
Ерте голдан кейін де Швеция ойын тізгінін қолдан шығарған жоқ. 30-минутта Александр Исак қарсы шабуылды дәл соққымен аяқтап, өз командасының басымдығын арттырды. Алайда бірінші тайм аяқталмай жатып Тунис қорғаушысы Омар Рекик бұрыштамадан кейін баспен гол соғып, есеп айырмасын қысқартты.
Екінші таймда африкалық команда таразы басын теңестіруге тырысқанымен, шешуші сәттерде шведтер әлдеқайда нәтижелі ойын өрнегін паш етті. 59-минутта Дьекереш мергендер қатарына қосылып, есепті 3:1-ге жеткізді. Ал матч соңында алаңға қосалқы құрамнан шыққан Маттиас Сванберг VAR тексерісінен кейін гол авторы атанды.
Қосымша уақытта тағы бір мәрте көзге түскен Айяри дубль рәсімдеп, кездесудің нүктесін қойды - 5:1.
Осылайша Швеция үш ұпаймен F тобында көш бастады. Екінші турда олар Нидерланды құрамасымен кездессе, Тунис Кюрасаоға қарсы алаңға шығады.
Бұл жеңіс Швецияның плей-офф жолындағы мүмкіндігін айтарлықтай арттырса, Тунис үшін алдағы матчтар тағдыршешті болмақ.