Кот-д’Ивуар әлем чемпионатын жеңіспен бастады
Е тобында бұған дейін Германия құрамасы Кюрасаоны 7:1 есебімен жеңген еді.
globallookpress.com
Әлем чемпионатының Е тобындағы алғашқы тур матчында Кот-д’Ивуар құрамасы Эквадорды 1:0 есебімен жеңіп, маңызды үш ұпайға қол жеткізді.
АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы «Линкольн Файненшел Филд» стадионында өткен кездесуде қос команда ұзақ уақыт бойы бір-бірінің қорғанысын бұза алмады. Матч тағдыры соңғы минуттарда шешілді.
Кездесудің басты қаһарманы Кот-д’Ивуар шабуылшысы Амад Диалло болды. Ол ойынның 90-минутында қарсылас қақпасынан саңылау тауып, жеңіс голын соқты. Осылайша африкалық ұжым әлемдік додадағы жорығын жеңіспен бастап, топтағы жағдайын жақсартты.
Эквадор құрамасы матч бойы қарсылық көрсеткенімен, соңғы сәтте жіберген голдан кейін ұпайсыз қалды.
Екінші турда Кот-д’Ивуар 20-маусым күні Германиямен кездессе, Эквадор 21 маусымда Кюрасао құрамасына қарсы алаңға шығады. Ал топтық кезеңнің соңғы турында Кот-д’Ивуар Кюрасаомен, Эквадор Германиямен күш сынасады.
Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты АҚШ, Канада және Мексикада өтіп жатыр. Турнир 19 шілдеге дейін жалғасады. Алдыңғы әлем чемпионатының жеңімпазы - Аргентина құрамасы. Аргентиналықтар 2022 жылғы финалда Францияны пенальти сериясында жеңіп, әлем чемпионы атанған еді.