Нұрбек Оралбай нокаутпен жеңді: Қазақстан боксшылары Әлем кубогын жеңіспен бастады
Турнирде 40 елден келген 300 боксшы сынға түсуде.
ашық дереккөзден
Қытайдың Гуйян қаласында бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі басталды. Жарыстың алғашқы күнінде Қазақстан құрамасының бірнеше өкілі шаршы алаңға шығып, жанкүйерлерді жарқын жеңістерімен қуантты.
Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай 1/8 финалда Оңтүстік Корея боксшысы Гичшае Киммен қолғап түйістірді. Қазақстандық боксшы жекпе-жек барысында айқын басымдық танытып, қарсыласын үш рет нокдаунға жіберді. Нәтижесінде төреші екінші раундта кездесуді мерзімінен бұрын тоқтатып, жеңісті Нұрбекке берді.
Ал әлем чемпионатының күміс жүлдегері Сабыржан Аққалықов жаңа салмақ дәрежесіндегі алғашқы кездесуін сәтті өткізді. 80 келіде бақ сынаған отандасымыз 1/16 финалда қытайлық Хиабао Уангқа еш мүмкіндік қалдырмай, төрешілердің бірауызды шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Енді ол 17 маусым күні әлем чемпионы, өзбекстандық Жавохир Умматалиевпен кездеседі.
Өкінішке қарай, Қазақстан құрамасы үшін алғашқы күні сәтсіз аяқталған жекпе-жек те болды. Әлем чемпионы Наталья Богданова 75 келі салмақтағы дебюттік кездесуінде жарыс қожайыны Зио Баомен тартысты айқас өткізіп, төрешілер шешімімен 1:4 есебімен жеңіліп, жарыс жолын аяқтады.
Сондай-ақ 60 келі салмақта өнер көрсеткен Серік Теміржанов Германия өкілі Денис Брилді 5:0 есебімен сенімді жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.
Бүгін, 15-маусым қазақстандық былғары қолғап шеберлерінен +80 келіде Дина Исламбекова ирландиялық Клиона Дарсимен кездессе, +90 келіде Айбек Оралбай америкалық Ннажаи Врайтқа қарсы рингке көтеріледі.