Қазақстан құрамасы Әлем кубогында жеңісті жолын жалғастырды
Бүгін әлем чемпионы Назым Қызайбай турнирдегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді.
ашық дереккөзден
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасының өкілдері кезекті жеңістеріне қол жеткізді.
75 келі салмақта өнер көрсететін Тимур Нұрсейітов 1/8 финалда Ирландия боксшысы Тадхг Одонеллмен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы тартысты өткен кездесуде қос спортшы бір-бірінің қателігін күтіп, сақтық танытты. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен қазақстандық былғары қолғап шебері 3:2 есебімен жеңіске жетіп, ширек финал жолдамасын иеленді.
Ал 65 келіде ел намысын қорғаған Санатәлі Төлтаев жарысты сәтті бастады. Ол 1/16 финалда Әзербайжан өкілі Малик Хасановпен кездесіп, тартысты айқас өткізді. Екінші раундта қарсыласы қабағынан жарақат алып, жекпе-жек мерзімінен бұрын тоқтатылды. Осылайша жеңіс Төлтаевқа беріліп, қазақстандық боксшы келесі кезеңге өтті.
Ал, Тимур Қабдешов жарыс жолын аяқтады. Ол 55 келіде 1/16 финалда Бразилия боксшысы Келви Триндадпен жұдырықтасты. 3 раундқа жалғасқан кездесуде төрешілер 3:1 есебімен Келви Триндадты жеңімпаз деп таныды.
Бүгін Қазақстан құрамасынан әлем чемпионы Назым Қызайбай 54 келіде Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Им Э Джимен кездеседі.
Кешкі сессияда 70 келі салмақтағы Лаура Есенкелді Испания өкілі Униа Мартинез Маспен 1/8 финалдық жекпе-жек өткізеді.