Алуа Балқыбекова Әлем кубогының ширек финалына жолдама алды
Турнирде 40 елден келген 300 боксшы сынға түсуде.
ашық дереккөзден
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогы кезеңінде Қазақстан құрамасының өкілі Алуа Балқыбекова сәтті өнер көрсетіп, жарыстың ширек финалына шықты.
51 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан екі дүркін әлем чемпионы 1/8 финалда Венесуэла боксшысы Ирисмар Кардозомен қолғап түйістірді. Жекпе-жек барысында қазақстандық спортшы қорғаныста да, шабуылда да жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп, қарсыласынан басым түсті.
Төрешілер шешімімен Алуа Балқыбекова 4:1 есебімен жеңіске жетіп, турнирдің келесі кезеңіне жолдама алды.
Бүгін Қазақстан құрамасының тағы екі өкілі шаршы алаңға шығады. Ерлер арасында Санатәлі Төлтаев Англия спортшысы Патрис Мугалзаиге қарсы жұдырықтасады. Ал әйелдер арасындағы ширек финалда әлем чемпионы Назым Қызайбай Польша өкілі Виктория Рогалинскамен кездеседі.