Олимпиада жүлдегерлері мен жаттықтырушыларына 250 миллион теңгеден астам сыйақы берілді
Қысқы Олимпиадада табысқа жеткен қазақстандық спортшыларға әкімдіктер жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер беретін болды.
ашық дереккөзден
Қазақстан Үкіметі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өткен XXV қысқы Олимпия ойындарының жүлдегерлері мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сыйақы төлеу туралы қаулы қабылдады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Қаулыға сәйкес, Үкімет резервінен Олимпиадада жоғары нәтиже көрсеткен спортшылар мен олардың бапкерлеріне қаржы бөлінді. Жалпы алғанда, екі спортшы мен бес жаттықтырушы мемлекеттік сыйақыға ие болды.
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада жүлдегері Михаил Шайдоровқа қолданыстағы заңнамаға сәйкес 250 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы тағайындалды. Ал конькимен жүгіруден үздік алтылық қатарына енген Надежда Морозоваға 5 мың АҚШ доллары берілді.
Сыйақы спортшылардың алғашқы, жеке және бас жаттықтырушыларына да төленді.
Бұдан бөлек, Олимпиада жүлдегерлеріне жергілікті атқарушы органдар тарапынан қосымша қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, әкімдіктер спортшыларға жергілікті коммуналдық тұрғын үй қорынан тегін пәтер береді.
Осылайша, қысқы Олимпиадада табысқа жеткен қазақстандық спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына берілген сыйақының жалпы көлемі 250 миллион теңгеден асты.