Назым Қызайбай Әлем кубогының жартылай финалына шықты
Қытайда бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі өтуде.
ашық дереккөзден
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі Назым Қызайбай жарқын жеңіске жетті.
Үш дүркін әлем чемпионы 54 келі салмақ дәрежесіндегі ширек финалда Польша өкілі Виктория Рогалинскамен қолғап түйістірді. Екі боксшы бұған дейін де кездескен болатын. Биыл сәуір айында Бразилияда өткен Әлем кубогының алғашқы кезеңінде поляк спортшысы жеңіске жеткен еді.
Алайда бұл жолы Назым Қызайбай қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Қазақстандық боксшы алғашқы раундтан бастап жекпе-жектің тізгінін өз қолына алып, жоғары техникасы мен жылдамдығын паш етті. Шабуылда да, қорғаныста да сенімді өнер көрсеткен отандасымыз кездесу барысында айқын басымдыққа ие болды.
Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің төртеуі жеңісті Назым Қызайбайға беріп, есеп 4:1 болып тіркелді.
Осылайша, қазақ боксшысы екі ай бұрынғы жеңілістің есесін қайтарып, реванш жасады. Бұл жеңіс Назымға Әлем кубогының жартылай финалына жолдама сыйлады және оның турнирдегі алтын жүлдеге басты үміткерлердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.