Ибраима Конате «Реал Мадрид» клубымен келісім-шартқа қол қойды

Мадридтің «Реал» клубы Франция құрамасының қорғаушысы Ибраима Конатенің команда қатарына қосылғанын ресми түрде жариялады.

Ибраима Конате «Реал Мадрид» клубымен келісім-шартқа қол қойды entrevue.fr

Бүгін 27 жастағы футболшы Ибраима Конате «корольдік клубпен» 2030 жылдың жазына дейінгі келісімшартқа қол қойды. Конате мадридтік командаға еркін агент мәртебесінде ауысып отыр. Бұған дейін ол бес маусым бойы Англияның «Ливерпуль» клубында өнер көрсеткен болатын.

Француз қорғаушысы «Ливерпуль» клубы сапында айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ол 2025 жылы Англия чемпионы атанып, Англия кубогы мен Суперкубогын, сондай-ақ екі мәрте Лига кубогын жеңіп алды.

Ибраима Конате Франция ұлттық құрамасының негізгі ойыншыларының бірі. Ол 2022 жылдан бері ұлттық құрама сапында 28 матч өткізіп, Катарда өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Қазіргі таңда Конате Франция құрамасымен бірге 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысуда. Алайда Сенегалға қарсы алғашқы кездесуде (3:1) бапкерлер штабы оны қосалқы құрамда қалдырды.

Осылайша, әлем футболындағы ең беделді клубтардың бірі саналатын «Реал» жазғы трансфер кезеңіндегі маңызды қадамдарының бірін жасап, қорғаныс шебін тәжірибелі ойыншымен толықтырды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу