Рыбакина Берлиндегі турнирмен ерте қоштасты
Бұл нәтиже Уимблдон қарсаңында қазақстандық жанкүйерлер үшін күтпеген жаңалық болды.
WTA
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Германия астанасы Берлинде өтіп жатқан WTA 500 санатындағы Grass Court Championships Berlin турнирдегі өнерін күтпеген жерден ерте аяқтады.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші әлем рейтингінде 35-орында тұрған филиппиндік Александра Эаламен кездесті. Көпшілік фаворит санаған Рыбакина бұл жолы қарсыласының қарқынына төтеп бере алмай, екі сетте жеңіліс тапты - 5:7, 4:6.
Кездесу 1 сағат 32 минутқа созылды. Матч барысында Елена 13 эйс жасап, төрт рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ ол өзіне берілген екі брейк-пойнттың біреуін ғана сәтті пайдаланды.
Айта кетейік, Елена Рыбакина турнирге қатысқаны үшін 60 рейтингтік ұпай мен 15470 еуро табыс тапты.