Виктория Графеева әлем кубогының жартылай финалына шықты
11 қазақстандық боксшы жартылай финалдық жолдамаларға таласуда.
ҚР ҰОК
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі шешуші сәтіне жақындады. Әлемнің 44 елінен 300-ге жуық спортшы қатысқан байрақты бәсекеде ширек финалға тек 29 мемлекеттің өкілдері ғана жолдама алды.
Қазақстан құрамасы да жарыста табысты өнер көрсетіп келеді. Турнирді бастаған 17 боксшының 11-і жүлдеге таласу мүмкіндігін сақтап қалды.
Ширек финалға ең көп спортшы шығарған ел - Өзбекстан. Көрші елдің 14 боксшысы жүлде үшін күресті жалғастыруда. Одан кейін Қытай (12) мен Қазақстан (11) орналасқан. Сондай-ақ Англия мен Францияның сегіз боксшысы ширек финалға дейін жетті.
Қазақстан құрамасы үшін бүгінгі жарыс күні сәтті басталды. Әлем чемпионатының жүлдегері, 60 келі салмақтағы басты фавориттердің бірі Виктория Графеева ширек финалда Оңтүстік Корея өкілі Иеонжи Охпен қолғап түйістірді.
Жекпе-жектің алғашқы раундында қарсыласы белсендірек көрінгенімен, кейінгі екі раундта қазақстандық боксшы шеберлігін паш етті. Нәтижесінде төрешілердің бірауыздан шығарған шешімімен Графеева 5:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға жолдама алды.
Ал 2025 жылғы Қазақстан чемпионы Лаура Есенкелді үшін жарыс жолы аяқталды. Биыл 70 келіге ауысқан отандасымыз ширек финалда Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері, қытайлық Ян Люмен кездесті.
Үш раундқа созылған тартысты кездесуде тәжірибелі жергілікті боксшы басымдық танытып, төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті. Осылайша Лаура Есенкелді Әлем кубогындағы өнерін ширек финалда аяқтады.
Сондай-ақ бүгін, 19-маусым Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов, Тимур Нұрсейітов, Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Айбек Оралбай шаршы алаңға шығады.