Қазақстанның сегіз боксшысы Әлем кубогының жартылай финалына шықты
Бүгін үш боксшымыз жарыс жолын аяқтады.
ашық дереккөзден
Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогында Қазақстан құрамасы үшін кезекті жарыс күні сәтті аяқталды.
Ерлер арасындағы жарыста 50 келі салмақтағы екі дүркін әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай Қырғызстан өкілі Анваржан Ходжиевтен басым түсті. Отандасымыз жекпе-жек бойы айқын басымдық танытып, барлық раундта жеңіске жетіп, кездесуді 5:0 есебімен өз пайдасына аяқтады.
70 келіде өнер көрсететін әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов те жартылай финалға жолдама алды. Ол ширек финалда өзбекстандық Шавкатжон Болтаевты 5:0 есебімен жеңді.
65 келідегі екі дүркін әлем чемпионы Аида Әбікеева АҚШ өкілі Марие Росендомен қолғап түйістіріп, 4:1 есебімен жеңіске жетті.
Аса ауыр салмақтағы әлем чемпионы Айбек Оралбай да жартылай финалға шықты. Англия өкілі Мэтью Уильямсқа қарсы өткен кездесуде Айбек 5:0 есебімен басым түсті.
Ал 75 келідегі Тимур Нұрсейітов жарысты ширек финалда аяқтады. Әлем чемпионатының финалисі, болгариялық Рами Киванға қарсы өткен жекпе-жекте төрешілер жеңісті бірауыздан қарсыласқа берді. Сондай-ақ 51 келідегі екі дүркін әлем чемпионы Алуа Балқыбекова да үндістандық Минакшиге есе жіберіп, турнирмен қоштасты.
Бұған дейін жартылай финалға Назым Қызайбай, Виктория Графеева, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова жолдама алған болатын.
20 маусым күні өтетін жартылай финалдық кездесулерде Абылайхан Жүсіпов иорданиялық Зеяд Еашашпен, Санжар Тәшкенбай испаниялық Мартин Молина Сальвадормен, Аида Әбікеева бразилиялық Беатриз Феррейрамен, ал Айбек Оралбай Бразилия өкілі Джоэл Рамоспен кездеседі.
Әйелдер арасында Назым Қызайбай тайландтық Натнича Чонгпронгклангпен, Виктория Графеева өзбекстандық Ситора Турдибековамен, Валерия Аксенова франциялық Давина Мишельмен, ал Дина Исламбекова өзбекстандық Олтиной Сотимбоевамен финал жолдамасын сарапқа салады.