Валерия Аксенова мен Дина Исламбекова Әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды

Бүгін тағы үш қазақстандық былғары қолғап шебері жартылай финалда өнер көрсетеді.

Валерия Аксенова мен Дина Исламбекова Әлем кубогының қола жүлдесін жеңіп алды ашық дереккөзден

Қытайдың Гуйян қаласында өтіп жатқан бокстан Әлем кубогының екінші кезеңінде Қазақстан құрамасының спортшылары жартылай финалдық жекпе-жектерін өткізіп, тамаша нәтижелерге қол жеткізді. Отандастарымыздың үшеуі финалға жолдама алса, қос боксшымыз қола жүлдені еншіледі.

Бүгінгі жарыс күнінің алғашқы жекпе-жегінде үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 54 келі салмақ дәрежесінде Таиланд өкілі Натнича Чонгпронгклангпен қолғап түйістірді. Алғашқы раундта қарсыласына есе жібергенімен, кейінгі раундтарда белсенділігін арттырған қазақстандық боксшы жеңісті жұлып алды. Төрешілер шешімі - 3:2.

60 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионатының жүлдегері Виктория Графеева Өзбекстан өкілі Ситора Турдибековамен кездесіп, үш раунд бойы басымдық танытты. Нәтижесінде төрешілердің барлығы жеңісті қазақстандық спортшыға берді - 5:0.

70 келі салмақтағы әлем чемпионы Абылайхан Жүсіпов жартылай финалда Иордания өкілі Зейад Ишаишімен жұдырықтасты. Екінші раундта қарсыласының жарақатына байланысты дәрігер жекпе-жекті тоқтатып, жеңіс Жүсіповке берілді.

Ал аса ауыр салмақтан 80 келіге ауысқан Валерия Аксенова жартылай финалда Франция өкілі, әлем чемпионатының жүлдегері Давина Мичелге қарсы шаршы алаңға шықты. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде тәжірибелі франциялық боксшы жеңіске жетіп, Аксенова турнирдің қола жүлдегері атанды. 

Ал, Дина Исламбекова Өзбекстан өкілі Олтиной Сотимбоевамен қолғап түйістірді. Бұл қос боксшының биылғы үшінші кездесуі болды. Бұған дейін де бірнеше мәрте жолы түйіскен қарсыластардың бұл жолғы айқасы Сотимбоеваның басымдығымен өтті. Төрешілер жеңісті бірауыздан өзбекстандық спортшыға берді - 5:0. Осылайша Дина Исламбекова турнирдің қола жүлдегері атанып, Қазақстан құрамасының қоржынына кезекті медальді салды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу