Түркия әлем чемпионатымен қоштасты

Парагвай тоғыз ойыншымен жеңісті сақтап қалды.

Түркия әлем чемпионатымен қоштасты Alex Livesey - FIFA / Contributor

Футболдан әлем чемпионатының D тобындағы екінші тур матчында Парагвай құрамасы Түркияны 1:0 есебімен жеңіп, плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалды. Ал қатарынан екінші рет жеңілген түрік футболшылары турнирмен мерзімінен бұрын қоштасты.

Кездесу АҚШ-тың Санта-Клара қаласындағы «Левайс» стадионында өтті. Матчтың тағдырын небәрі екінші минутта соғылған гол шешті. Парагвайлық жартылай қорғаушы Матиас Галарса Хулио Энсисоның нәтижелі пасынан кейін есеп ашып, командасын алға шығарды.

Бірінші таймның соңында Парагвай қиын жағдайға тап болды. Команданың тәжірибелі шабуылшысы Мигель Альмирон қарсыласымен сөзге келіп, төрешіден тікелей қызыл қағаз алды. Осылайша парагвайлықтар үзіліске дейін-ақ он ойыншымен қалды. 

Екінші тайм бойы сан басымдығына ие болған Түркия есепті теңестіруге тырысқанымен, Парагвай қорғанысы сенімді ойнады. Тіпті кездесудің 64-минутында уақыт созғаны үшін Диего Гомес те алаңнан қуылып, Парагвай матчтың қалған бөлігін тоғыз ойыншымен аяқтауға мәжбүр болды.

Соған қарамастан оңтүстікамерикалық команда минималды басымдықты сақтап қалып, турнирдегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді.

Екі турдан кейін Парагвай үш ұпай жинаса, Түркияның қоржынында ұпай жоқ. Осы нәтижеден кейін түрік құрамасы әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігінен айырылып, жарысты мерзімінен бұрын аяқтады.

Соңғы турда Түркия АҚШ-пен кездессе, Парагвай Аустралияға қарсы алаңға шығады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу