Назым Қызайбай Әлем кубогының жеңімпазы атанды

Назым жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсетті.

Назым Қызайбай Әлем кубогының жеңімпазы атанды ашық дереккөзден

Қазақстан әйелдер боксының көшбасшысы, үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы атанды.

Бұл жолы отандасымыз жаңа салмақ дәрежесінде - 54 келіде бақ сынады. Финалда оған Италия өкілі, әлем чемпионатының екі дүркін жүлдегері Сирине Чарааби қарсы тұрды. Алайда тәжірибелі қазақ боксшысы қарсыласына мүмкіндік бермей, үш раунд бойы айқын басымдық көрсетті. Нәтижесінде төрешілердің шешімімен 4:1 есебімен жеңіске жетіп, алтын медальды қанжығасына байлады.

Назым турнир барысында өте сенімді өнер көрсетті. Ол алғашқы айналымда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, оңтүстіккореялық Им Э Джиді 4:1 есебімен жеңсе, ширек финалда Польша өкілі Виктория Рогалинсканы 5:0 есебімен ойсырата ұтты. Ал жартылай финалда тайландтық Натнича Чонгпронгклангты 3:2 есебімен тізе бүктірді.

Осылайша Назым Қызайбай қатарынан екінші жыл Әлем кубогының чемпионы атанып отыр.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылы Астанада өткен Әлем кубогында ол 48 келі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алған болатын.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу