Виктория Графеева Әлем кубогының финалында Олимпиада чемпионын жеңді

Ел қоржынына екінші алтын медаль түсті.

Виктория Графеева Әлем кубогының финалында Олимпиада чемпионын жеңді ашық дереккөзден

Қазақстандық бұрымды боксшы Виктория Графеева Қытайдың Гуйян қаласында өткен Әлем кубогында алтын медаль жеңіп алып, ел қоржынына кезекті жүлдені салды.

60 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз финалда Париж Олимпиадасының чемпионы, Тайпей өкілі Лин Юй-Тинмен қолғап түйістірді. Тартысты өткен кездесудің алғашқы раундында қарсыласы басым түскенімен, Виктория жекпе-жек барысында мінез танытып, соңына дейін күресті.

Шешуші сәттерде дәл соққыларымен ерекшеленген қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен 3:2 есебімен жеңіске жетіп, Әлем кубогының чемпионы атанды.

Графеева жартылай финалда әлем чемпионатының жүлдегері, өзбекстандық Ситора Турдибекованы 4:1, ширек финалда оңтүстіккореялық Иеонжи Охты 5:0 есебімен ұтты.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Назым Қызайбай әлем кубогында алтыннан алқа таққан болатын. Финалдық бәсекелер жалғасуда. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу