Германия камбэк жасап, Кот-д’Ивуардан айласын асырды

Германия құрамасы мерзімінен бұрын әлем чемпионатының плей-офф кезеңіне жолдама алды.

Германия камбэк жасап, Кот-д’Ивуардан айласын асырды Getty Images

Футболдан 2026 жылғы әлем чемпионатының Е тобындағы екінші тур матчында Германия құрамасы Кот-д’Ивуарды 2:1 есебімен жеңді.

Канаданың Торонто қаласында өткен кездесуде африкалық команда есепті бірінші болып ашты. Матчтың 30-минутында жартылай қорғаушы Франк Кессье мергендік танытып, Мануэль Нойер қорғаған қақпаны дәл көздеді.

Ойын барысында басымдыққа ие болған немістер ұзақ уақыт бойы есепті теңестіре алмай жүрді. Тек екінші таймның ортасында Дениз Ундав көзге түсіп, таразы басын теңестірді. Ал қосымша уақыттың төртінші минутында дәл осы шабуылшы жеңіс голын соғып, Германияға маңызды үш ұпай сыйлады.

Осылайша төрт дүркін әлем чемпионы өз қоржынына тағы үш ұпай қосып, алты ұпаймен Е тобындағы көшбасшылық орнын сақтап қалды. Бұған дейін Германия алғашқы турда әлем чемпионатының дебютанты Кюрасаоны 7:1 есебімен ойсырата жеңген болатын.

Ал алғашқы кездесуде Эквадорды 1:0 есебімен ұтқан Кот-д’Ивуар құрамасы бұл жолы ұпайсыз қалды.

Үшінші турда Германия Эквадормен кездессе, Кот-д’Ивуар Кюрасаоға қарсы алаңға шығады. Екі матч та 25 маусым күні өтеді.

Айта кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионаты 11 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтуде.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу