Эквадор Кюрасао қақпасының кілтін таба алмады

Е тобындағы плей-офф жолдамасы үшін күрес соңғы турға дейін жалғасатын болды.

Эквадор Кюрасао қақпасының кілтін таба алмады Х платформасы

Әлем чемпионатының Е тобындағы екінші тур матчында Эквадор мен Кюрасао құрамалары жеңімпазды анықтай алмай, 0:0 есебімен тең тарқасты.

АҚШ-тың Канзас-Сити қаласында өткен кездесуде Эквадор ойын тізгінін толықтай өз қолына алғанымен, гол соғудың сәті түспеді. Оңтүстік америкалық команда қарсылас қақпасына 27 мәрте соққы бағыттап, оның 15-ін қақпа аумағына дәл түсірді. Алайда Кюрасао қақпашысы мен қорғанысы сенімді ойнап, өз қақпасын голдан аман сақтап қалды.

Кюрасао құрамасы 10 соққы жасап, оның үшеуі қақпаға бағытталды. Дегенмен олар да есеп аша алған жоқ.

Осы нәтижеден кейін нидерландылық маман Дик Адвокат жаттықтыратын Кюрасао құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы алғашқы ұпайына қол жеткізді. Команда Е тобында төртінші орында тұр.

Ал Эквадор құрамасы бір ұпаймен үшінші сатыға жайғасты. Енді топтағы соңғы турда Эквадор Германиямен кездессе, Кюрасао Кот-д’Ивуармен күш сынасады. Екі матч та 25 маусым күні өтеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу