Қазақстан құрамасы Қытайдағы Әлем кубогында екінші орынға ие болды
Қазақстандық былғары қолғап шеберлері бес алтын және үш қола медаль жеңіп алды.
Қытайдың Гуйян қаласында 15-21 маусым аралығында өткен бокстан Әлем кубогының екінші кезеңі мәресіне жетті. Дүбірлі додаға 44 елден 300-ге жуық былғары қолғап шебері қатысып, жүлделерді сарапқа салды.
Қазақстан құрамасы жарыста жоғары нәтиже көрсетіп, бес алтын және үш қола медаль жеңіп алды.
Ел қоржынына алтын медальдарды Назым Қызайбай (54 келі), Виктория Графеева (60 келі), Санжар Тәшкенбай (50 келі), Абылайхан Жүсіпов (70 келі) және Айбек Оралбай (+90 келі), ал қола медальдарды Аида Әбікеева (65 келі), Валерия Аксенова (80 келі) және Дина Исламбекова (+80 келі) салды.
Жалпыкомандалық есепте Қытай құрамасы 5 алтын, 1 күміс және 3 қола медальмен бірінші орынға ие болды. Қазақстан 5 алтын және 3 қола жүлдемен екінші орынға көтерілсе, Өзбекстан құрамасы 4 алтын, 3 күміс және 4 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.