Тарихи алтын: Ирина Бакалдина Азия чемпионы атанды
Ирина Бакалдина Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты.
Қазақстан семсерлесу федерацииясы
Қазақстандық семсерлесуші Ирина Бакалдина Азия чемпионатының жеңімпазы атанып, ел спортының тарихына есімін алтын әріптермен жазды.
Құрлықтық біріншіліктің финалында отандасымыз Гонконг өкілі Кейлин Сэні 15:12 есебімен жеңіп, чемпиондық атаққа қол жеткізді. Осылайша Бакалдина Қазақстан әйелдер құрамасы тарихындағы жекелей сапы сайысында Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алған алғашқы спортшы атанды.
Жарыс барысында қазақстандық семсерлесуші жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетіп, қарсыластарын бірінен соң бірін жеңді. Ол 1/16 финалда Дарья Самоделкинаны 15:9 есебімен ұтса, 1/8 финалда Гонконг өкілі Монг Чуды дәл сондай есеппен жеңді. Ширек финалда Қытай спортшысы Жингвен Янгты 15:12 есебімен тізе бүктірді.
Жартылай финалда Иринаға әлем чемпионы әрі Олимпиада жүлдегері, Оңтүстік Кореяның атақты семсерлесушісі Сера Сонг қарсы тұрды. Алайда қазақстандық спортшы азулы қарсыласын 15:7 есебімен айқын жеңді.