Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатында қос күміс медаль жеңіп алды

Әлемнің мықтыларымен тайталасқан қазақстандық шахматшылар тарихи нәтиже көрсетті.

Қазақстандық шахматшылар әлем чемпионатында қос күміс медаль жеңіп алды ашық дереккөзден

Гонконгте өтіп жатқан командалық әлем чемпионатында қазақстандық шахматшылар тағы бір маңызды жетістікке қол жеткізді. Алуа Нұрман мен Кумар Тулипов рапид бағдарламасы бойынша күміс жүлдеге ие болып, ел қоржынына екі бірдей медаль салды.

Әлемнің ең мықты шахматшылары жиналған FIDE World Team Rapid and Blitz Championships 2026 турнирінде Қазақстан намысын Kazchess және Barys командалары қорғады. Жарысқа 48 команда қатысып, олардың қатарында Магнус Карлсен, Дин Лижэнь, Алиреза Фирузджа, Арджун Эригайси және Нодирбек Абдусатторов секілді жұлдыздар өнер көрсетті.

Осындай азулы қарсыластар арасында Barys сапында ойнаған Алуа Нұрман өз тақтасында екінші нәтиже көрсетсе, Kazchess құрамындағы Кумар Тулипов те күміс жүлдегер атанды.

Командалық есепте де отандастарымыз лайықты өнер көрсетті. Kazchess рапид турнирін 15 матчтық ұпаймен жетінші орында аяқтаса, Barys тоғызыншы орынға тұрақтады. Әсіресе Barys командасының Магнус Карлсен көшбасшылық ететін WR Chess ұжымын жеңуі турнирдегі сенсациялардың бірі болды. 

Рапидтен кейін қатысушылар блиц бағдарламасына көшті. Тартысты додада екі қазақстандық команда да топтық кезеңнен сүрінбей өтіп, плей-оффқа жолдама алды. Barys өз тобында үшінші орын алса, Kazchess екінші нәтижемен келесі кезеңге шықты.

Алайда 1/8 финалда қарсыластардың деңгейі жоғары болды. Barys былтырғы рапид жеңімпазы саналатын қытайлық Dragon Chilling командасымен кездесіп, лайықты қарсылық көрсетті. Алуа Нұрман әлем чемпионатының қола жүлдегері Лэй Тинцзені жеңіп шықса, Рамазан Жалмаханов тәжірибелі Лу Шанлэймен тең түсті. Соған қарамастан, қазақстандық ұжым жарысты осы кезеңде аяқтады.

Ал Kazchess былтырғы әлем чемпионы Team MGD1 командасына қарсы ойнап, тартысты кездесулер өткізгенімен, ширек финалға өте алмады.

Осылайша, Қазақстанның екі командасы да әлем чемпионатының блиц бағдарламасында үздік 16 команданың қатарына енді. Ал Алуа Нұрман мен Кумар Тулиповтың күміс медальдары еліміздің турнирдегі басты жетістіктерінің біріне айналды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу