Әлем чемпионаты: Кабо-Верде фаворитті тоқтатты

VAR араласқан матчта Уругвай жеңісті қолдан шығарып алды.

Әлем чемпионаты: Кабо-Верде фаворитті тоқтатты Getty Images

Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші тур матчында Уругвай мен Кабо-Верде құрамалары 2:2 есебімен тең түсті.

Кездесуде есепті 21-минутта Кабо-Верде шабуылшысы Кевин Ленини ашты. Алайда бірінші таймның соңына қарай уругвайлықтар ойын тізгінін қолға алып, қысқа уақыт ішінде екі гол соқты. Алдымен Максимилиано Араухо мергендік танытса, қосымша уақытта Агустин Каноббио қарсылас қақпасынан саңылау тапты. Екінші голға нәтижелі пасты Араухо берді.

Екінші таймда африкалық команда таразы басын қайта теңестірді. Алаңға қосалқы құрамнан шыққан Элио Варела 61-минутта есепті 2:2-ге жеткізді.

Уругвай матч соңына қарай жеңіс голын соққандай көрінген. Алайда Максимилиано Араухоның добы VAR тексерісінен кейін офсайдқа байланысты есепке алынбады.

Осылайша, тартысқа толы кездесу тең аяқталды. Екі турдан кейін Уругвай да, Кабо-Верде де екі ұпайдан жинап отыр. Соңғы турда уругвайлықтар Сауд Арабиясымен кездессе, Кабо-Верде Испания құрамасына қарсы ойнайды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу