Иран құрамасы әлем чемпионатының тарихи рекордын жаңартты
Екі турдан кейін Иран құрамасының еншісінде екі ұпай бар және команда G тобында көш бастап тұр.
Getty Images
Футболдан әлем чемпионатының топтық кезеңіндегі екінші турда Иран мен Бельгия құрамалары жеңімпазды анықтай алмады. G тобындағы кездесу 0:0 есебімен аяқталды.
Матч барысында бельгиялықтар қиын жағдайға тап болды. Кездесудің 66-минутында қорғаушы Натан Нгой қарсылас шабуылшысын қақпашымен жеке-дара шығатын сәтте тоқтатып, тікелей қызыл қағаз алды. Соған қарамастан есеп ашылған жоқ.
Алайда бұл ойын нәтижесінен бөлек, тарихи көрсеткішімен де есте қалды. Иран құрамасы матчқа әлем чемпионаттары тарихындағы ең егде құраммен шықты. Команданың негізгі құрамының орташа жасы 32 жыл 181 күнді құрады.
Осылайша ирандықтар 1998 жылғы әлем чемпионатында тіркелген рекордты жаңартты. Бұған дейінгі ең жоғары көрсеткіш Германия құрамасына тиесілі болған еді. Немістердің сол кездегі негізгі құрамының орташа жасы 31 жыл 334 күн болған.
Екі турдан кейін Иран құрамасының еншісінде екі ұпай бар және команда G тобында көш бастап тұр. Дәл осындай көрсеткішке ие Бельгия екінші орында келеді. Соңғы турда Иран Египетпен кездессе, Бельгия Жаңа Зеландияға қарсы ойнайды.