Вице-чемпиондар плей-оффқа дайын: Франция Иракты тас-талқан етті
Сұрмергендер тізімінде Мбаппе Мессидің ізіне түсті.
Getty Images
Әлем чемпионатында Франция құрамасы өзінің басты фавориттердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Дидье Дешам шәкірттері Иракты 3:0 есебімен ойсырата жеңіп, мерзімінен бұрын плей-офф кезеңіне жолдама алды.
АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы «Lincoln Financial Field» стадионында өткен кездесудің басты кейіпкері Килиан Мбаппе болды. Франция шабуылшысы дубль авторы атанып, өз командасының жеңісіне жол ашты.
Кездесудің 14-минутында Майкл Олисенің пасын тиімді пайдаланған Мбаппе есеп ашты. Бірінші тайм аяқталған соң ойын найзағай мен қолайсыз ауа райына байланысты ұзақ уақытқа тоқтатылды. Алайда үзіліс француздардың қарқынын бәсеңдете алған жоқ.
Екінші тайм басталғаннан кейін көп ұзамай Усман Дембеленің нәтижелі пасынан кейін Мбаппе дубль жасап, есепті 2:0-ге жеткізді. Ал 66-минутта Дембеленің өзі мергендік танытып, матчтың нүктесін қойды.
Бұл голдар Килиан Мбаппе үшін тарихи маңызға ие болды. Француз шабуылшысы әлем чемпионаттарындағы гол санын 16-ға жеткізіп, Германия аңызы Мирослав Клоземен теңесті. Енді ол мундиаль тарихындағы үздік сұрмергендер тізімінде екінші орынға көтерілді. Ал көш басында 18 голмен Лионель Месси тұр.
Екі тур қорытындысы бойынша Франция мен Норвегия алты ұпайдан жинап, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал Сенегал мен Ирак құрамалары әзірге ұпай еншілей алмай отыр.