Томирис Нұржан Тунистегі турнирдің абсолютті чемпионы атанды

Небәрі 16 жастағы Томирис Нұржан Тунистегі турнирде жеңісті дубль жасап, жекелей және жұптық сында да жеңіске жетті.

Томирис Нұржан Тунистегі турнирдің абсолютті чемпионы атанды

Қазақстандық жас теннисші Томирис Нұржан халықаралық аренада тағы бір жарқын жетістікке қол жеткізді. Тунистің Картаж қаласында өткен ITF J60 санатындағы жасөспірімдер турнирінде отандасымыз бірден екі титулды жеңіп алып, жарыстың абсолютті чемпионы атанды.

Турнирдің екінші нөмірлі теннисшісі ретінде сынға түскен Томирис жекелей сындағы барлық қарсыластарын сенімді түрде жеңіп, финалда жарыстың басты фавориті - тунистік Надин Хамрунимен кездесті. Тартысты өткен матчта қазақстандық спортшы мінез танытып, қарсыласын екі сетте 7:5, 6:3 есебімен ұтты.

Алайда Нұржанның табысы мұнымен шектелген жоқ. Ол жұптық сында да жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Томирис жергілікті теннисші Мелек Гамаунмен бірге өнер көрсетіп, финалда франциялық Нейруз Мерьям Годбейн мен тунистік Нур Сануннан құралған жұпты жеңді. Қызықты әрі тартысты өткен кездесу 4:6, 6:3, 10:8 есебімен аяқталды.

Айта кетейік, бұл Томиристің биылғы маусымдағы алғашқы табысы емес. Бұған дейін қазақстандық теннисші Испания мен Алжирде өткен ITF J60 турнирлерінде де чемпиондық атаққа қол жеткізген болатын.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу