Уимблдон чемпионы төрт жылға теннистен шеттетілді

Сарапшылар бұл спортшы үшін тым ауыр жаза деп отыр.

Уимблдон чемпионы төрт жылға теннистен шеттетілді ашық дереккөзден

2023 жылғы Уимблдон турнирінің чемпионы Маркета Вондроушова допинг-бақылаудан бас тартқаны үшін төрт жылға теннистен шеттетілді. Халықаралық теннистегі адалдықты қамтамасыз ету агенттігінің (ITIA) шешімі теннис әлемінде үлкен резонанс тудырып отыр.

26 жастағы чехиялық теннисші 2025 жылдың 3 желтоқсанында жарыстан тыс кезеңде допинг-тест тапсырудан бас тартқан. Осы оқиғадан кейін оған қатысты тергеу жүргізіліп, нәтижесінде төрт жылдық дисквалификация туралы шешім қабылданды.

Алайда спортшы өз әрекетін әдейі жасамағанын айтып, жағдайдың басқа қырын түсіндірді. Вондроушованың сөзінше, допинг-бақылау қызметкері кешкі уақытта үйіне келіп, өзін толық таныстырмаған әрі белгіленген хаттаманы сақтамаған. Сол кезде теннисші ауыр психологиялық күйзеліс жағдайында болғанын жеткізді.

Спортшы әлеуметтік желідегі мәлімдемесінде кәсіби теннисшілер күн сайын допинг-бақылау үшін белгілі бір уақыт аралығын көрсететінін атап өтті. Оның айтуынша, қызметкер сол уақыттан тыс келіп, сынама тапсыруды талап еткен.

«Бұл тестілеуден қашу емес. Мәселе өзара құрметте. Біз ережелерді сақтаймыз. Ал оларды қадағалайтын адамдар да сол талаптарды орындауы керек», – деп жазды Вондроушова.

Теннисшінің айтуынша, арада үш күн өткен соң ол басқа қызметкерге қажетті сынаманы тапсырған. Дегенмен бұл жағдай оны жазадан құтқара алмады.

Қабылданған шешімге сәйкес Вондроушова 2030 жылдың 21 маусымына дейін ресми жарыстарға қатыса алмайды. Сондай-ақ оған ITF, WTA, ATP және «Үлкен дулыға» турнирлері ұйымдастыратын іс-шараларға қатысуға, жаттықтырушы ретінде жұмыс істеуге немесе ресми теннис шараларына келуге тыйым салынды.

Сарапшылардың пікірінше, мұндай ұзақ мерзімді дисквалификация кәсіби спортшы үшін өте ауыр соққы. Жаза мерзімі аяқталған кезде Вондроушова 31 жасқа толады. Сондықтан көптеген мамандар бұл шешім оның жоғары деңгейдегі мансабына нүкте қоюы мүмкін деп есептейді.

Қазір теннисші апелляция беріп, жазаны жеңілдетуге үміттеніп отыр. Егер шешім өзгеріссіз қалса, Уимблдон чемпионының үлкен спортқа қайта оралуы өте қиын болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу